17 сәуірде Түркістан облысына жұмыс сапары аясында бас директор Саябек Сахиев бастаған Институт делегациясы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбековпен кездесті. Кездесуде оңтүстік өңірде онкологиялық науқастардың медициналық қол жетімділігі және оны дамыту жұмыстары талқыланды.
Қарастылған мәселелердің бірі – Институтта өндірілетін радиофармпрепараттарды Шымкент қаласындағы қалалық онкологиялық орталығына әуе тасымалы арқылы жеткізуді ұйымдастыру, екіншісі еліміздің оңтүстік өңірінде онкологиялық ауруды диагностикалау және емдеу үшін бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томографияны (ОФЭКТ) жарақтандыру болды. Сондай-ақ Институт өндіретін қазіргі (F-18, 99Тс,131I) және болашақтағы радиофармпрепараттарды Шымкент қаласының онкологиялық орталықтарында қолданысқа ендіру мүмкіндіктері де кездесуде қарастырылды. Аталған кездесуге Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының, полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің, қалалық Онкологиялық орталықтың, қала әуежайының және «Мединсвест Групп Казахстан» ЖШС өкілдері қатысты.
Өңірдің сала жауаптылары мен Институт делегациясы қатысқан талқылау қорытындысы бойынша, енді Шымкент қаласының әуежайы заң шеңберінде радиофармпрепараттардың еш кедергісіз өтуіне толық жәрдемдесетіні кесілді. Егер тасымал жолында қозғалыс қиындаған жағдайда Шымкент қаласының жергілікті полициясының көмегімен бірге тасымал жүргізілетін болады. Ал, алдағы онкүндік ішінде Шымкент қаласының әуежайына «Air Astana» әуекомпаниясының тікұшағымен Институт өндіретін 99Тс радифармпрепаратын муляждық сынақтан өткізу жұмыстары басталады. Сынақ толық сәтті жүргізілгеннен соң радиофармпрепараттар әуе арқылы науқастарға жедел түрде жеткізілетін болады.
Сондай-ақ Шымкент қаласының басшылығы өңір халқының денсаулығын жақсартау мақсатында қаланың өңірлік перспективалық жоспарына мамандандырылған медициналық мекемелеріне жаңа РФП ( F-18, 99Тc,131I) қолданысқа енгізу мәселелерін қосатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік берумен қатар, саланың өңірде дамуына үлес қосатыны сөзсіз.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбековке өңірдегі маңызы зор сала басшыларын жинап, ұлт болашағы мен денсаулығына қолдау білдіріп, өңір халқы үшін жанашырлық танытқандығына алғыс білдіреміз.