Қазақстандық делегация Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің жетекшілігімен Францияның Париж қаласында өтіп жатқан жаңа атом энергетикасын дамытудың стратегиялық негіздері бойынша мастер-классқа қатысуда. Бағдарлама 12 маусымға дейін жалғасады.
Мастер-класс Францияның Халықаралық атом энергетикасы институты (Institut International de l’Énergie Nucléaire, I2EN) тарапынан ұйымдастырылған және әртүрлі елдердің өкілдерін Францияның ядролық экожүйесімен, сондай-ақ атом энергетикасы саласындағы ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру тәжірибесімен таныстыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында қатысушылар Францияның атом саласындағы озық тәжірибелерін зерделеп, мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және Францияның жетекші ядролық компанияларының өкілдерімен дәрістерге, интерактивті сессияларға және дөңгелек үстелдерге қатысуда. Сонымен қатар, салалық нысандарға техникалық сапарлар да қарастырылған.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Францияның Халықаралық атом энергетикасы институты (I2EN) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжат Қазақстанның атом энергетикасы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ ядролық білім беру және мамандарды кәсіби даярлау саласындағы озық халықаралық тәжірибелермен алмасуды дамытуға бағытталған.