Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Қазақстанда ядролық және радиологиялық қауіпсіздік жөніндегі АЭХА Халықаралық мектебі өтті

2025 жылдың 25–29 тамыз аралығында Ядролық физика институтында (ЯФИ) «Қауіпсіз болашақ үшін көшбасшыларды даярлау» ұранымен ядролық және радиологиялық қауіпсіздік жөніндегі АЭХА Халықаралық мектебі өтті.

Іс-шара ЯФИ-дің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы базасында ұйымдастырылды. Бес күндік курс барысында АЭХА-ның жетекші сарапшылары ұйымға мүше 11 мемлекеттен келген 23 маманға дәріс оқыды. Олардың қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Латвия, Ресей, Сербия, Словакия, Тәжікстан, Түркия, Украина, Өзбекстан, Хорватия және Эстония өкілдері бар.

Мектептің мақсаты – ядролық және радиологиялық қауіпсіздік саласындағы жас және орта буын мамандарын көшбасшылық дағдыларға үйрету, сондай-ақ олардың қауіпсіздік мәдениетін дамыту әлеуетін нығайту. Оқыту бағдарламасы АЭХА-ның қауіпсіздік стандарттарының № GSR, 2-бөлімінде көрсетілген көшбасшылық пен басқару қағидаттарына негізделді.

Мектептің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Д.Алиакпаров, ЯФИ өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Е. Ермаков және Ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаментінің директоры М. Төлегенов қатысты.

АЭХА Ядролық қауіпсіздік пен физикалық қорғауды үйлестіру басқармасының директоры Фумин Чжан атап өтті:

«Бұл көшбасшылық мектебінің мақсаты – қауіпсіздік саласындағы көшбасшылық қасиеттерді дамыту, берік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ядролық әрі радиологиялық қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын ұстанатын мамандардың жаһандық желісін құру».

Мектептің оқу бағдарламасы жаһандық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға және осы саладағы кадрлық әлеуетті нығайтуға өз үлесін қосады.

Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.