1–3 желтоқсанда Куба Республикасының Варадеро қаласында БЯЗИ-ға мүше-мемлекеттер үкіметі өкілдерінің Қаржы комитеті және Өкілетті өкілдер комитеті сессиялары өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының БЯЗИ-дағы Өкілетті өкілі, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, сондай-ақ БЯЗИ-дағы Қазақстан Республикасы Ұлттық тобының жетекшісі Ержан Мұхамеджанов қатысты.
Қаржы комитетінің отырысында БЯЗИ-дың 2026 жылға арналған бюджет жобасы, 2027–2029 жылдарға арналған мүше-мемлекеттердің болжамды жарналары, сондай-ақ БЯЗИ-дың қаржылық қағидалары мен бюджетке түзетулер енгізу регламенті қаралды. Маусым айында өткен ӨӨК жанындағы Қаржылық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының нәтижелері туралы жұмыс тобының төрағасы Ержан Мұхамеджанов хабарлады. Сонымен қатар Институттың 2024 жылғы аудит нәтижелері тыңдалды.
ӨӨК отырысында 2021–2025 жылдар аралығындағы БЯЗИ қызметінің негізгі нәтижелері ұсынылды. Олар үдеткіш кешендерінің дамуын, зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуды, ғылыми жобалардың орындалуын, білім беру және кадрлық бағдарламалардың кеңеюін қамтиды. Мүше-мемлекеттердің жас зерттеушілерінің ғылыми қызметке қатысуы ерекше назарға алынды. Қазақстандық делегация ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және бірлескен бастамаларды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Комитет мүше-мемлекеттерде жаңа бірлескен ғылыми нысандар құру жөніндегі дирекция бастамаларын қолдады. Атап айтқанда, Қазақстандағы ССР-Қ зерттеу реакторы базасында жоғары қарқынды ультрасуық нейтрондар (AISUN) көзі қондырғысын әзірлеу және құру жобасы мақұлданды. AISUN жобасын іске асыру заманауи ғылыми инфрақұрылымды дамытуға, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстан мен БЯЗИ арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Жұмыс сапарының жалғасы ретінде 4 желтоқсанда Гавана қаласында Кубаның БЯЗИ-ға мүше-мемлекет ретінде қабылданғанына 50 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Куба Үкіметінің өкілдері, БЯЗИ-ға мүше елдер делегациялары және аймақтың жетекші ғалымдары қатысты.