Қазақстанның жетекші әлемдік университеттермен халықаралық ғылыми әріптестігін кеңейту мәселелері әлемдегі ірі ғылыми-білім беру және зерттеу орталықтарының бірі — Массачусетс технологиялық институтында (MIT) өткен кездесулер барысында талқыланды.
9 ақпанда Бостон қаласында (АҚШ) Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев MIT басшылығымен бірқатар ресми кездесулер өткізді.
Қазақстандық делегацияны MIT-тің халықаралық қызмет жөніндегі проректоры, профессор Дуэйн Бонинг, сондай-ақ Сингапурдағы SMART MIT зерттеу орталығының директоры, профессор Брюс Тидор қабылдады.
Келіссөздер барысында ғылыми және академиялық өзара іс-қимылды тереңдетудің перспективалары, сондай-ақ сараптамалық тәжірибе алмасудың практикалық тетіктері қарастырылды.Ядролық физика институты мен MIT арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелері бар екені атап өтілді. Атап айтқанда, өткен жылдың маусым–тамыз айлары аралығында MIT магистранты Шаян Субзвари ЯФИ-дің радиациялық материалтану зертханасында тағылымдамадан өтті, ал 2023 жылы осы зертхананың қызметкері Ким Елена MIT-де айна форматындағы тағылымдамадан өтті.
Кездесулер барысында ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамаға ерекше назар аударылды. Аталған тұжырымдама аясында Ядролық физика институты ғылыми-технологиялық парк құру үшін пилоттық алаң ретінде айқындалды. ЯФИ бас директоры Институтты дамытудың стратегиялық көзқарасын, негізгі мақсаттарын және осы бастаманы іске асырудан күтілетін нәтижелерді таныстырды. Профессор Дуэйн Бонинг ұсынылған тұжырымдаманы жоғары бағалап, MIT REAP (Regional Entrepreneurship Acceleration Program) бағдарламасы аясында сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Келесі кездесу MIT-тің энергетика және климат жөніндегі вице-президенті, профессор Эвелин Ванның кеңсесінде өтті. Кездесу барысында микроэлектроникадан бастап ірі деректерді өңдеу орталықтарына дейінгі энергоүнемді шешімдерді әзірлеуге, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған MIT-тің жаңа климаттық бастамасы таныстырылды. Бастаманың басым бағыттарының бірі — аймақтардың мәдени және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті қауымдастықтар деңгейінде жұмыс жүргізу.
Осы тұрғыда теңізге тікелей шығатын жолы жоқ және ядролық энергетиканы дамытуда жаңа тәсіл қалыптастырып отырған Қазақстан ғылыми зерттеулер үшін ерекше қызығушылық тудырады. Профессор Эвелин Ванаталған бастама аясында қазақстандық ғалымдармен ынтымақтастықты дамытуға MIT-тің мүдделі екенін атап өтті.