Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Қазақстан мен Канада ядролық қарусыздану және атом энергетикасы саласындағы диалогты нығайтуда

Оттава, 27 тамыз. Канада Сенатында Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған «Kazakhstan-Canada Nuclear Dialogue» атты дөңгелек үстел гибридті форматта өтті.

Пікірталасқа Қазақстанның Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даулетбек Құсайынов, қос елдің Сыртқы істер министрлігі, Парламенті, сараптамалық орталықтары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

Ядролық физика институты тарапынан Стратегиялық және орнықты даму департаментінің директоры Адилжан Сериков баяндама жасап, Қазақстанның бейбіт атомды пайдалану саласындағы ғылым мен технология жетістіктерін таныстырды. Ол өз сөзінде еліміздің ғылыми зерттеулері мен технологиялық табыстары тәуелсіздік жылдарында ядролық саланың қалыптасуына негіз болғанын және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.

Іс-шара Қазақстан бастамасымен жарияланған 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орайластырылды. Осыған байланысты ЯФИ бейбіт ядролық технологияларды дамытудың сынақтарға балама әрі орнықты дамуды қамтамасыз ететін маңызды құрал екенін атап өтті.

Өткізілген диалог Қазақстан мен Канада арасында жаңа деңгейдегі өзара іс-қимылға жол ашып, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларының перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді.