Францияға жұмыс сапары аясында 9 маусым күні атом саласындағы жетекші француз ұйымдарымен ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларындағы қазақстан-француз өзара іс-қимылын дамыту мәселелері талқыланды. Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ханыммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында бас директор Елшіге ағымдағы жылдың мамыр айында француз делегациясының Институтқа жасаған сапарының қорытындылары туралы ақпарат берді. Сапар аясында екі құжатқа қол қойылғанын жеткізді.
Бірінші құжат — Лауэ–Ланжевен институтымен (ILL) жасалған ниеттер туралы меморандум. Құжат нейтрондық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде Қазақстанның ILL қызметіне қатысу мүмкіндігін қарастыруға және отандық ғалымдардың оның зерттеу инфрақұрылымына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Екінші құжат — Халықаралық ядролық энергетика институтымен (I2EN) жасалған өзара түсіністік туралы меморандум. Ол мамандар даярлау, тәжірибе алмасу және озық білім беру тәжірибелерін енгізу арқылы саланың адами капиталын дамытуға бағытталған.
Гүлсара Арыстанқұлова француз ғылыми және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтудің ұлттық атом бағдарламасын іске асырудағы маңызды элемент екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар атом ғылымы мен технологиялары саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара қызығушылық білдірді.