Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуді жалғастыруда

2022 жылдың 23-26 тамызында ҚР ЭМ Ядролық физика институтының РМК басшылығы Бельгияға іссапармен келді. Сапар Валлон экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттігімен (AWEX), Қазақстандағы Бельгия Елшілігімен, Бельгиядағы Қазақстан Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Сапар барысында Ядролық физика институтының бас директоры Сахиев Саябек Қуанышбекұлы John Cockerill, IBA, ұлттық радиоэлементтер институты (IRE), бельгиялық ядролық зерттеулер орталығы (SCK CEN) басшылығымен кездесті.

John Cockerill компаниясының басшылығымен сутегі энергетикасы саласында бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігі талқыланды. IBA-да ядролық физика институтының делегациясы үдеткіштерді жинау және тестілеу учаскесіне барды, содан кейін IBA мамандары радиоизотоптар мен протон терапиясын өндіруге арналған үдеткіштердің заманауи модельдерін ұсынды. Ұлттық радиоэлементтер институтында Молибден-99 және йод-131 радиоизотоптарын бөліп шығару әдісімен өндіру технологияларын трансферлеу, сондай-ақ қоршаған ортаны радиациялық мониторингілеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігі талқыланды. Бельгияның ядролық зерттеулер орталығында MYRRHA жобасында ЯФИ ынтымақтастығы, атом саласы үшін кадрларды бірлесіп даярлау және қоршаған ортаның радиациялық мониторингі мәселелері талқыланды.Ядролық физика, сондай-ақ ядролық медицина саласындағы қазақстандық және бельгиялық мамандар арасындағы келіссөздер осы салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

Сапар қорытындысы бойынша ҚР ЭМ Ядролық физика институты мен бельгиялық ядролық зерттеу орталығының басшылары өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, бұл қазақстандық және бельгиялық ғалымдар арасындағы ядролық және радиациялық физика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатындағы негізгі құжат болып табылады.

Айта кетейік, Қазақстандық делегацияның Бельгияға сапары Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай тұспа-тұс келді.