2026 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан мен АҚШ ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесіп күш салысуын қолдау мақсатында американдық делегация іссапармен Ядролық физика институтына келді. Делегация құрамында АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігінің (АҚШ ҚМ ҚАА) өкілдері Д.Фишман, Б.Блессинг, Д.Биссел, сондай-ақ ЮРС Федерал Сервисез Интернэшнл Инк мердігерлік ұйымының өкілі болды. ЯФИ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында (ЯҚОО) өткізілген жұмыс кеңесіне ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті мен ҚР Ұлттық ұланы өкілдері қатысты.
Кездесу барысында 2025 жылғы шілдеде АҚШ ҚМ ҚАА делегациясының сапары кезінде ЯФИ тарапынан ұсынылған техникалық қолдау көрсету туралы өтінімдерді талдау нәтижесінде дайындалған «Қауіп-қатерлерді бірлесіп төмендету» бағдарламасы бойынша жоспарланған іс-шаралар талқыланды.
ЯФИ-да «Қауіп-қатерлерді бірлесіп төмендету» бағдарламасы аясында адам ресурстарын дамыту бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. Ол техникалық кеңестер беруді, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ ЯҚОО ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша оқу іс-шараларын бірлесіп өткізуді қамтиды.
Жұмыс кездесуі аяқталған соң қатысушылар ЯФИ-да тәжірибеден өтіп жатқан студенттерге, сондай-ақ ЯФИ оқу орталықтары ұйымдастыратын оқу курстары мен семинарлардың тыңдаушыларына арнайы салынған жатақхананың инфрақұрылымымен танысты.