Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Атом энергетикасының болашағы: Алматыда Қазақстандағы атом саласының сын-қатерлері мен даму перспективалары талқыланды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты базасында «Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту: сын-қатерлер, перспективалар және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, жетекші жоғары оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Дөңгелек үстелдің өткізілуі Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты қолдау мақсатында ұйымдастырылды. IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа энергетикалық саланы қалыптастыру және елдің серпінді экономикалық дамуына берік негіз болатын толыққанды ядролық кластер құру қажеттігін атап өтті.

Іс-шараны Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев ашты. Ол Институттың білікті мамандар даярлауға қажетті барлық ресурстарға ие екенін және Қазақстанның атом саласын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінгі таңда Институт базасында зерттеу реакторы, критикалық стенд, әртүрлі типтегі үдеткіштер, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қолдауымен жұмыс істейтін үш оқу орталығы жұмыс істейді.

Дөңгелек үстел барысында атом энергетикасының қазіргі жағдайы мен даму келешегі, ядролық технологиялардың қауіпсіздігі, мамандарды даярлау, ғылыми зерттеулерді ілгерілету, сондай-ақ атом жобаларына қатысты қоғамдық көзқарас мәселелері кеңінен талқыланды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батыршев атом саласына арналған «Ядролық физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы», «Атом электр станциялары мен қондырғылары», «Ядролық медицина» бойынша білім беру бағдарламалары туралы баяндады. Мәліметінше бір ғана ядролық физика мамандығы бойынша соңғы жеті жылда 54 PhD дәрежесі берілді. InCites (Web of Science) аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан авторлары «Ядролық физика» және «Ядролық инжиниринг» салаларында 79 ғылыми мақала мен шолуды жариялаған.

Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 53-орынды иеленіп отыр, бұл 2019 жылмен салыстырғанда (сол кезде 64-орында болған) айтарлықтай ілгерілеу болып табылады.

Кадрлар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, Д. Серікбаев атындағы ВКТУ және Алматыдағы МИФИ филиалының өкілдері осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.

Ашықтық пен экологиялық қауіпсіздік тақырыбындағы баяндамалар үлкен қызығушылық тудырды. Тарифтік саясат, экологиялық тәуекелдер, сондай-ақ атом энергетикасының төмен көміртекті экономикаға көшу үдерісіндегі рөлі талқыланды.

Ядролық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталықтың директоры Ирина Тажибаева ядролық қауіпсіздік – бұл тек техникалық қана емес, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын орнықты дамытудағы шешуші фактор екенін атап өтті.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жоспары, жобаның жүзеге асырылу кезеңдері және халықаралық тәжірибе туралы «КАЭС» ЖШС-нің жетекші инженері Асуан Сиябеков баяндама жасады.

Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында Ядролық физика институты базасында ядролық кластер құру тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл туралы өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Евгений Ермаков баяндады. Ядролық кластер – бұл іргелі және қолданбалы ядролық ғылымды, ядролық технологияларды және кадрлар даярлауды қамтитын, елдің атом энергетикасын тиімді қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі.

Кластер шеңберінде жаңа ғылыми-өндірістік кешендерді құру, оның ішінде жаңа зерттеу реакторын салу, сондай-ақ Институттың қолданыстағы инфрақұрылымын жаңғырту ұсынылады. Баяндамашы қазіргі уақытта Институтта жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда: медициналық радиоизотоптар өндіруге арналған циклотрон кешенін салу, жас мамандарға арналған жатақхана құрылысы, ВВР-К реакторының арнайы желдету жүйесін жаңғырту және ядролық криминалистика орталығының құрылуы.

Іс-шара гибридті форматта өтіп, елдің түкпір-түкпірінен келген сарапшыларды жинап, Қазақстандағы атом саласын дамытудың өзектілігі мен маңыздылығын айқын көрсетті.