8 сәуір күні Ядролық физика институтында Жапония, АҚШ, Корея Республикасы, Франция, Венгрия, Түркия елдерінен және Біріккен ядролық зерттеулер институтынан (БЯЗИ) келген жетекші ғалымдар мен сарапшыларды біріктірген Бағдарламалық-консультативтік комитеттің (БКК) алғашқы отырысы өтті. Комитеттің құрылуы Институттың ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық саясатын қалыптастыруға және оны жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялауға бағытталған стратегиялық қадам болды.
Отырысты аша отырып, Институттың бас директоры Саябек Сахиев БКК-ның іске қосылуы даму жолындағы жаңа кезеңді білдіретінін атап өтті: «Бағдарламалық-консультативтік комитеттің құрылуы — Институттың ғылыми бағыттарын жүйелі дамытудағы маңызды қадам. Халықаралық сараптама бізге зерттеулерді әлемдік стандарттар деңгейінде жүргізуге және жаһандық маңызы бар жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді».
Отырыс барысында Институттың ғылыми стратегиясын айқындайтын негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Негізгі назар кең ауқымды іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізудің базасы болып табылатын көпмақсатты зерттеу реакторын дамытуға аударылды. Бұл бағыт материалтану, ядролық физика және радиациялық технологиялар салаларын қамтиды.
Жеке блок «Advances in Nuclear Science and Applications» ғылыми журналына арналды. Аталған басылым озық зерттеулер нәтижелерін жариялауға және Институттың ғылыми жетістіктерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған маңызды алаң ретінде қарастырылады.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Mega-Science класына жататын AlSUN жобасы тудырды. Жоба ССР-Қ реакторы базасында жоғары қарқынды ультрасуық және өте суық нейтрондар көзін құруды көздейді. Бұл бастаманы жүзеге асыру іргелі физика және сабақтас ғылым салаларында бірегей эксперименттер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Отырыс қорытындысы бойынша ПКК мүшелері Институттың ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, сараптамалық қорытынды ұсынып, оның негізгі ғылыми бағыттарын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар әзірледі.