Бас директор Саябек Сахиев бастаған Институт делегациясы Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің көмегімен Женевадағы Ядролық зерттеулер жөніндегі Еуропалық орталыққа(CERN) барды.
Сапар барысында делегация RD51 және DRD1 ынтымақтастық зертханасында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, CERN басқару орталығына болды. DRD 1 ынтымақтастық жетекшісі-Эральдо Оливьери Қазақстан Республикасының осы ынтымақтастыққа қатысуының артықшылықтары туралы айтып, DRD1 құру процесінде нәтижелі талқылаулар үшін алғысын білдірді.
NA62 эксперименттік аймағында Меморандум аясындағы Институт қызметкерлерінің NA62 сессияларына белсенді қатысуы талқыланды.
CMS ынтымақтастығының жетекшісі – Патрисия Макбрайд Институт делегациясының мүшелерін CERN үлкен андрон коллайдерінің CMS (Compact muon Solenoid) әмбебап детекторының жұмысымен таныстырды. CMS эксперименті 54 елдегі 241 институттың 5500-ге жуық бөлшектер физиктерін, инженерлерін, техниктерін, студенттерін және көмекші қызметкерлерін қамтитын тарихтағы ең ірі халықаралық ғылыми ынтымақтастық.
CERN халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Шарлотта Варакаулемен кездесу барысында елімізде ғылымды жан-жақты дамытуға бағытталған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларына жоғары баға берілді. Варакауле ханым Қазақстан басшысының ғылым және білім министрлігін екі бөлек ведомствоға бөлу, Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеде қайта жандануы, соңғы бірнеше жылда ғылымды қаржыландырудың бірнеше есе ұлғаюы сияқты дәйекті қадамдарын атап өтті және бұл қадамдар Қазақстанның ғылыми әлеуетін сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деген үмітін білдірді.
Сапар соңында бас директор Саябек Сахиев еуропалық әріптестеріне қабылдағаны үшін алғысын білдірді. Қазақстан түрлі халықаралық ынтымақтастық жұмыстарына белсенді қатысып жатқаны және CERN солардың қатарында екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінен CERN бас директоры Фабиоле Джанотти ханымға Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақыру табыс етілді.